Жетісу облысында полицейлер "Қазпошта" бөлімшелерінде профилактикалық іс-шаралар өткізді
Жетісу облысында полицейлер "Қазпошта" бөлімшелерінде профилактикалық іс-шаралар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, кинологиялық қызмет орталығы және көлік прокуратурасының өкілдері бірлесіп, Талдықорған қаласындағы "Қазпошта" орталық бөлімшесінде және уақытша кедендік сақтау қоймаларында профилактикалық іс-шаралар өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – тыйым салынған заттарды заңсыз жіберу мен сақтаудың алдын алу, сондай-ақ пошта және көлік жөнелтілімдеріне қатысты нысандардағы қауіпсіздікті арттыру.
Тексеру барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері есірткі заттарын анықтай алатын қызметтік иттерді пайдаланды және ұйым қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қоғамды есірткі қылмысынан қорғау алдын алудан басталады. Құқық бұзушылықтарды ерте кезеңде анықтап, жолын кесу қауіпті заттардың таралуын тоқтатуға ғана емес, жас ұрпақтың болашағын қорғауға да мүмкіндік береді. Өңір полицейлері тұрғындарды қырағылық танытып, есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген деректер туралы дереу хабарлауға шақырады.
Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана бұл қатердің ауқымын азайтып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға болады.