БҚО-да мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр
БҚО-да мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алкогольдік ішімдіктерді тұтыну – құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың негізгі себептерінің бірі болып қалып отыр.
Алкогольдік мас күйдегі адам өз әрекеттерін бақылау қабілетін жоғалтып, агрессия мен қоғамға қарсы мінез-құлыққа бой алдырады, бұл өз кезегінде құқық бұзушыға да, айналасындағы адамдарға да қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысында алкогольдік мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі және кешенді жұмыстар жүргізілуде. Облыстық полиция департаменті мұндай құқық бұзушылықтардың деңгейін төмендетуге бағытталған бірқатар шараларды жүзеге асыруда, олардың қатарында алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың жолын кесу және ішімдікке тәуелді адамдарды емдеу жұмыстары бар.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзғаны үшін 153 сауда орнының иесі жауапқа тартылды. Қоғамдық орындарда ішімдік ішу және мас күйде жүру фактілері бойынша 6 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. 11 мыңнан астам құқық бұзушы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілсе, олардың шамамен 7 мыңы аталған мекемеге орналастырылды. Сондай-ақ 111 адам маскүнемдік пен нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емделу үшін арнайы емдеу алдын алу мекемелеріне жіберілді.
Айта кетерлігі, өңірдегі 23 елді мекеннің тұрғындары спирттік ішімдіктерді сатудан ерікті түрде бас тартты. Бұл – жергілікті халықтың азаматтық санасының артқанын және қауіпсіз, салауатты орта қалыптастыруға деген ұмтылысын көрсетеді. Мұндай елді мекендердің санын арттыру жұмыстары жалғасуда. Осылайша, мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу тек әкімшілік шаралармен ғана шектелмей, сонымен қатар ішімдікке тәуелді адамдарға көмек көрсетуді және халық арасында сау өмір салтын насихаттауды да қамтиды.
Мемлекеттік органдар мен қоғамның өзара іс-қимылы арқасында алкогольге салынушылық пен онымен байланысты қылмыстарға қарсы күресте тұрақты нәтижелерге қол жеткізуге болады.