Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында үш мыңнан астам ардагер қоғамдық қауіпсіздікке қызмет етуде

Ақтөбе облысында үш мыңнан астам ардагер қоғамдық қауіпсіздікке қызмет етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы полиция департаментінде ішкі істер органдарының үш мыңнан астам ардагері қоғам өміріне белсенді түрде атсалысып келеді. Зейнет жасына шыққанымен, олар өз мамандығына адалдық танытып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға сүбелі үлес қосуда.

Аға буын өкілдері жас қызметкерлерге әрқашан демеу болып, тәжірибелерімен бөліседі. Олардың тәлімгерлігі жас полиция қызметкерлерінің қызметке тез бейімделуіне, күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуіне және жоғары моральдық-этикалық қағидаларды бойына сіңіруіне ықпал етеді.

Ардагерлердің учаскелік полиция бекеттеріндегі еңбегі ерекше маңызды. Олар кешкі уақытта учаскелік инспекторлармен бірге құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларға қатысады. Әсіресе қиын жағдайға тап болған отбасылармен және жастармен жұмыс істеуге басымдық береді. Сонымен қатар есепте тұрған азаматтармен әңгімелер өткізіп, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға белсенді атсалысады.

Аға буынның осындай үлгі-өнегесі халықтың полицияға деген сенімін арттырып қана қоймай, құқық қорғау саласында ұрпақтар сабақтастығын нығайтады. Ардагерлер – Отанға адал қызмет етудің айқын үлгісі. Олардың тәлімі жас буын бойында борыш пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшылығы ардагерлердің өлшеусіз еңбегі мен кәсіби адалдығын әрдайым жоғары бағалап, лайықты құрмет көрсетіп келеді. Аға буын өкілдерінің белсенділігі өңірдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру