Маңғыстауда полиция қызметкерлері сала ардагерлерін құттықтады
Қарттар күніне орай Маңғыстау облысы полиция департаментінің басшылығы қоғам мен құқық тәртібінің игілігі жолында өмірін қызметке арнаған ішкі істер органдарының ардагерлерін арнайы барып құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сапар барысында ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен екі ардагерге құрмет көрсетілді.
Овчинников Валерий Иванович — зейнеттегі полиция полковнигі, 1944 жылдың 9 қазанында дүниеге келген. Жоғары білімі бар: 1970 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін тәмамдаған. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1974 жылы бастаған. Оперативтік-криминалистикалық басқармада аға криминалист, бөлім бастығы, кейін жедел криминалистика жөніндегі орынбасар қызметтерін атқарған. 1999 жылдың қыркүйегінде зейнеткерлікке шығып, жалпы 25 жылдық қызметтік жолын аяқтады.
Қайырмағамбет Жанузақов — зейнеттегі полиция подполковнигі, 1940 жылдың 20 мамырында туған. Қызмет жолын 1975 жылы Маңғышлақ облыстық атқару комитетінің Ішкі істер басқармасында бастаған. Қызмет жылдары ішінде ІІБ медициналық қызметінің бастығына дейін көтерілген. 1991 жылы зейнетке шығып, Отанына адал қызмет еткен абыройлы еңбек жолын аяқтады.
Ардагерлерді құттықтай отырып, департамент өкілдері олардың адал еңбегі, ерлігі мен ішкі істер органдарының дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыстарын білдірді. Мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп қана қоймай, жас қызметкерлер арасында корпоративтік рухты нығайтуға да септігін тигізеді.