Қарағанды облысында ҚАЖ қызметкерлері ардагерлерді құттықтады
1 қазанда Халықаралық қарттар күніне орай Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖ департаментінің №31 мекемесі қызметкерлері қарттар үйіне арнайы барып, ардагерлерді құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында қызметкерлер қарттарға сый-сияпаттарын табыстап, ыстық ықыластарын білдірді. Ардагерлермен ашық-жарқын әңгімелесіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі өсиеттерін тыңдады. Әңгіме үстінде үлкендер өз жастық шағы, елге сіңірген еңбектері жайлы естеліктерімен бөлісіп, жас буынға ақыл-кеңестерін айтты. Мекеме қызметкерлері шараның басты мақсаты – қарттарға құрмет көрсету, олардың қоғамдағы орнын бағалау, сондай-ақ үлкенді сыйлау дәстүрін кейінгі ұрпаққа үлгі ету екенін ерекше атап өтті.
- Қарттарға қамқорлық жасау – қоғамның мәдениеті мен рухани байлығының көрінісі. Бұл – әрқайсымыздың парызымыз, – деді іс-шара ұйымдастырушылары.
Ардагерлер көрсетілген ілтипатқа ризашылықтарын білдіріп, қызметкерлерге ақ баталарын берді.
- Жастардың бізді ұмытпай, арнайы құттықтап келгені – көңілімізді көтеріп, жүрегімізді қуанышқа толтырды. Осындай қамқорлық біздің өмірімізді мәнді етеді, – деді ардагерлердің бірі.
Қарттарға деген құрмет – қоғамның адами құндылықтарын айқындайтын басты өлшем. Осындай игі істер үлкендерді қадірлеу дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде маңызды. Қарттар күні аясында мұндай кездесулер қоғамдағы сыйластық пен рухани сабақтастықтың жалғасын табатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.