СҚО-да полицейлер қоғам қауіпсіздігіне қосқан үлесі үшін марапатталды
СҚО-да 11 полицей қоғам қауіпсіздігіне қосқан үлесі үшін марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында 11 полиция қызметкеріне жаңа арнайы атақтар табысталды. Салтанатты рәсімде СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов офицерлерге жаңа погондарды тапсырды.
Екі қызметкер полиция подполковнигі шенін иеленді. Олардың бірі – облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ең тәжірибелі маманы Юрий Клыков. Ол БАҚ саласында 17 жыл қызмет етіп, жас әріптестерінің кәсіби қалыптасуына белсене атсалысып келеді. Журналистер қауымы Юрий мырзаның кәсіби біліктілігін жоғары бағалайды.
Ал полиция лейтенанты офицерлік шенін кинолог Татьяна Васичкина иеленді. Ол 2015 жылдан бері осы салада қызмет етіп келеді. Жарылғыш заттарды іздеуге және одорологиялық сәйкестендіруге үйретілген оның қызметтік иттері өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесіп жатыр.
Жаңа атақ алған жедел уәкілдер, тергеушілер, жедел басқару орталығы мен өзге де бөлімшелердің қызметкерлері кәсіби жолдарының жаңа кезеңіне қадам басты. Айдын Қабдұлдинов офицерлерге жеткен жетістіктерімен шектелмей, ел тыныштығы жолында адал қызмет етуін тіледі.
Салтанатты рәсім соңында полицейлер естелік ретінде суретке түсіп, бірден өз қызметтік міндеттерін орындауға қайта кірісті.