Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда қылмыстық іздестіру қызметі күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Қарағандыда қылмыстық іздестіру қызметі күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін Қарағанды облыстық полиция департаментінде жедел қызмет ардагерлері мен қазіргі қызметкерлерді ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Шара аясында жиналғандар алдымен департамент ауласындағы қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан әріптестерге арналған мемориалға гүл шоқтарын қойып, ерліктің үлгісін көрсеткен батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Одан кейін іс-шара мәжіліс залында жалғасты. Қатысушыларды департамент бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин қылмыстық іздестіру қызметінің кәсіби мерекесімен құттықтап, ардагерлер мен бүгінгі күнгі әріптестердің еңбегін жоғары бағалады.

— Бұл күн – қылмыстық іздестіру саласының тарихына тағзым етіп, ел қауіпсіздігіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерді құрметтейтін, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын қорғап жүрген қызметкерлердің еңбегін айрықша бағалайтын мереке. Қылмыстық іздестіру қызметі – жауапкершілігі зор, тәуекелі мол, бірақ абыройы биік сала. Сіздердің қырағылықтарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында талай қылмыстар ашылып, азаматтардың құқықтары қорғалып келеді, — деді Әбіл Әбілдин.

Салтанатты жиында қаза тапқан қызметкерлердің ерліктері еске алынып, олардың жақын-жуығына сый-құрмет көрсетілді. Әсіресе, 27 жыл бұрын Қарағандыдағы қант орталығына жасалған шабуыл кезінде ерлікпен қаза тапқан жедел уәкіл Нұрлан Байгаскиннің ерлігі ерекше аталды.

— Уақыт өтсе де әріптестері Нұрланды ешқашан ұмытқан емес. Әрбір мереке сайын бізге құрмет көрсетіп, қолдау білдіріп келеді. Заң мен тәртіпті күзеткен барлық полиция қызметкерлеріне еңбектеріне табыс тілеймін, -деді марқұмның жұбайы Жанагүл Байгаскина.

Сонымен қатар қылмыстық іздестіру саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, бүгінде зейнет жасына жеткен ардагерлер мен олардың ізін жалғастырып жүрген жедел уәкілдерге ведомстволық марапаттар табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру