Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұланда алғаш рет "аға сарбаздар" институты енгізілді: жаңа жүйе алғашқы нәтижесін беруде

ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланында тәрбие жұмысын жетілдіру және әскери қызметшілердің жағдайын жақсарту мақсатында жаңа бастама қолға алынды. 5573 әскери бөлімінде алғаш рет "аға сарбаздар" институты енгізіліп, ол мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасындағы тәлімгерлік жүйені дамытуға бағытталды. Жаңа үлгі алғашқы оң нәтижелерін көрсетуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл жүйе бойынша тәртіптілігімен, көшбасшылық қабілетімен және жауапкершілігімен ерекшеленген сарбаздарға үшінші біліктілік сыныбы беріліп, "аға сарбаз" мәртебесі тағайындалады. Олар өз қарамағындағы жас сарбаздарға қамқорлық жасап, олардың бейімделуіне, тұрмыс жағдайын реттеуге, тәртіп пен моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға көмектеседі. Сонымен қатар аға сарбаздар жастарды мәдени және патриоттық іс-шараларға бастап барып, үлгі көрсетіп, тәлімгерлік рөлін атқарады.

Жаңа жүйенің айрықша белгісі ретінде аға сарбаздарға қызыл-қоңыр жолақты кеудеше беріледі. Бұл олардың ерекше мәртебесін айқындайды.

Астана бригадасының басшылығы атап өткендей, аталған бастама келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілердің жүктемесін азайтып, күнделікті тәрбие мен бақылау ісінде оң нәтиже беруде. Қазіргі уақытта 15-тен астам аға сарбаз келісімшарт бойынша қызметін жалғастыруға шешім қабылдаған. Бұл олардың әскери қызметке деген қызығушылығының артқанын және ортақ іске қосқан үлесінің маңызды екенін көрсетеді. Салтанатты жағдайда оларға әскери бөлім аумағындағы жатақханадан жеке бөлмелер берілді.

"Аға сарбаздар" институтының енгізілуі Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының бастамасы әрі қолдауымен жүзеге асып отыр. Бұл қадам әскери тәртіпті нығайтуға, қызмет өткеру жағдайын жақсартуға және ұжымдық рух қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі саналады.

Жаңа бастама бөлімшелерде ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жауапкершілігі жоғары, ынталы әрі ұйымшыл сарбаздарды тәрбиелеуге ықпал етеді. Мұндай жеке құрам құқықтық тәртіп әскерлерінің міндеттерін тиімді орындауға қабілетті болмақ.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда жүйе Астана бригадасында сынақтан өткізілуде. Егер тәжірибе тиімділігін дәлелдесе, алдағы уақытта "аға сарбаздар" институты Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде енгізілмек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру