Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде жасөспірімдерге арналған рухани кездесу өтті

Ақтөбеде жасөспірімдерге арналған рухани кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

8 қазанда Ақтөбе қаласында "Жауапты ер азамат – заңды қоғамның тірегі" ұранымен жалпықалалық ер балалар жиналысы өтті. Ауқымды тәрбиелік-танымдық іс-шараға 400-ден астам жоғары сынып оқушысы қатысты.

Болашақта ел тізгінін ұстайтын, қоғамның тірегіне айналатын жас буынның бойында жауапкершілік, патриоттық рух, заң мен тәртіпке құрмет сезімін қалыптастыру мақсатындағы құқықтық-мотивациялық кездесу Ақтөбе қаласының білім бөлімі мен "BILIM QAZYNA" КММ-нің ұйымдастыруымен, құқық қорғау органдарының тікелей қатысуымен өтті.

Шараға танымал медиатұлғалар – "Ақтөбе" футбол клубының ойыншысы Нұрбек Қарағұлов пен өңірге белгілі мотиватор-ана Бибігүл Әбілдаева арнайы шақырылды.

Жиналыс барысында жасөспірімдер ер бала тәрбиесі, намыс пен абырой, ер азаматтың жауапкершілігі, зиянды әдеттердің салдары, ердің күші мен намысы жұдырықпен емес, жігер мен парасаттылықпен өлшенетіні туралы тағылымды кеңестер алды.

Оқушылар да бұл басқосуға белсене атсалысып, өз отбасындағы жағдайлар мен өмірлік қиындықтарды қалай еңсергені, өз ортасымен тіл табысу жолдары туралы әсерлі әңгімелерін бөлісті.

Өңірлік полиция департаментінің ювеналдық және киберполиция қызметкерлері балаларға интернеттегі есірткі саудасы, кибербуллинг, дроппер болудың зардабы мен қылмыстық жауапкершілік туралы мазмұнды ақпарат ұсынды.

"Ашық микрофон" сессиясы ерекше қызу өтті. Оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын, әсіресе, полиция қызметкерлеріне белсенді түрде қойып, өздерін толғандырған мәселелерге жауап алды. Балаларды интернеттегі келемеждеудің салдары, киберқауіпсіздік, буллинг және қылмыстық әрекеттердің жауапкершілігі секілді тақырыптар қатты қызықтырды.

Полицейлер жасөспірімдердің әр сұрағына нақты мысалдармен жауап беріп, саналы ұрпақ тәрбиесіне бағытталған ойларымен бөлісті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру