Бөкейордасы аудандық пробация қызметі есебінде тұрған сотталғандар спорт арқылы жаңа өмірге қадам басып, қоғамға бейімделудің тиімді жолын көрсетіп жүр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорт – тек физикалық дайындық емес, ол тәртіп пен төзімділікті, ерік-жігер мен мақсаттылықты қалыптастыратын өмір мектебі.
Пробация қызметкерлерінің қолдауымен сотталғандар түрлі спорт түрлерімен айналысып, аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарда өздерінің табандылығын дәлелдеуде.
Мысалы, сотталғанның бірі ат спортымен айналысып, жарыстарда жүлделі орындарға ие болып келеді. Ал сотталғандардың тағы бірі қазақ күресінен аудандық турнирде екінші орын алып, енді "Қазақстан Барысы" облыстық кезеңінде бағын сынамақ. Сондай-ақ тағы бір сотталған "Ақ бидай" VIII облыстық спартакиадасында "Аударыспақ" ұлттық ойынынан жүлдегер атанды.
Бұл жетістіктер – тек спорттық жеңіс емес, түзелу жолындағы нақты нәтижелер. Олар сотталғандардың өмірге деген жаңа көзқарасын қалыптастырып, өз мүмкіндіктеріне сенімін арттырып отыр.
– Спорт – адамды өзгертеді. Тек денені емес, жанды да шыңдайды, – дейді пробация қызметкерлері.
Бүгінде спорт – қайта түлеудің, қателіктерден сабақ алып, қоғамға толыққанды азамат ретінде оралуға бастайтын сенімді жол болып отыр.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.