Павлодарда "Бейбіт күннің батырлары" атты фотокөрме ұйымдастырылды
Павлодарда "Бейбіт күннің батырлары" атты фотокөрме ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық өмірдің қарбалас ырғағында, эмоцияға толы сәттер мен көзге көрінбейтін ерліктер арасында сурет өнері – нағыз шабыт пен шындықтың тоғысқан тұсы. Бүгінде көпшілік ерекше сәттерді ұялы телефондар мен гаджеттерде сақтауға әуес. Алайда әрбір кадрдың артында – тұтас бір тағдыр, өз алдына бір тарих жатыр.
Осы ойды арқау еткен ерекше фотокөрме Павлодар қаласындағы Достық үйінде өтті. "Бейбіт күннің батырлары" деп аталған көрме келушілерге полиция қызметін куәгерлер мен тәртіп сақшыларының көзімен көруге мүмкіндік берді.
"Заң және тәртіп" идеясын дәріптеген экспозиция қала тұрғындары мен қонақтарының, кәсіби және әуесқой фотографтардың, сондай-ақ студенттер мен мектеп оқушыларының ерекше қызығушылығын тудырды. Көрмеге қойылған туындылар полиция қызметінің шынайы келбетін – эмоция мен ерлікті, адамгершілік пен адалдықты көрерменге терең сезіндіре алды.
Фотожинақта қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтармен сенімді диалог орнату, төтенше жағдайларда көмек көрсету сынды сәттер бейнеленген. Әрбір сурет – полиция мамандығының жауапкершілікке толы, көпқырлы табиғатын паш етеді.
— Заң мен тәртіп – абстрактілі ұғым емес. Бұл – әрқайсымыздың мәдениетіміздің айғағы. Егер әр адам заңды өзінен бастап сақтаса, қоғамда тәртіп орнайды. Біздің мақсат – полиция қызметінің көпшілікке беймәлім, бірақ аса маңызды қырларын көрсету. Полиция тек құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, кез келген уақытта азаматтарға көмек көрсетеді, төтенше жағдайда өмірлерін қатерге тігеді, — деді Павлодар облысы полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Жанар Белялова.
Көрмеде ерекше орын алған экспозиция Баянауыл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Мұрат Нұрсейітов пен Баянбек Жүнісовтің ерлігіне арналды.
2017 жылдың ақпан айында олар Павлодарға жарысқа бара жатқан балалар мінген автобусты ілесіп бара жатып, қарсы бағыттан шыққан ауыр жүк көлігінің соқтығысын болдырмай, өз өмірлерін қатерге тікті. Нұрсейітов ауыр жараланып, ұзақ ем қабылдағаннан кейін қызметіне қайта оралды. Ерлігі үшін ол "Айбын" орденінің ІІІ дәрежесімен, ал әріптесі Баянбек Жүнісов "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Көрмеде ерекше әсер қалдырған туындының бірі – ювеналды полиция инспекторы Мадина Жұмабаева мен кішкентай баланың әңгімесін бейнелеген сурет. Оның авторы – есту және сөйлеу қабілеті шектеулі фотограф Камиль Аллаяров. Ол бұл еңбегімен полиция қызметкерлеріне деген ризашылығын жеткізуді мақсат еткен. Камиль – ҚР ІІМ ұйымдастырған "Біздің полиция" фотобайқауының жүлдегері.
Көрменің тағы бір ерекшелігі – қызмет үстіндегі полиция қызметкерлерінің портреттерінен құралған топтама. Бұл суреттер кейіпкерлердің ішкі әлемін, эмоциясын және кәсіби рухын айқын көрсетеді. Мәселен, төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырған полиция аға инспекторы Дина Әбішева мен халықаралық UAE SWAT Challenge жарысының жүлдегері Ризагүл Анадсова сынды әйел полицейлердің бейнесі көрерменге ерекше әсер қалдырды. Олар үшін қатаң тәртіп пен нәзік болмыс үйлесім тапқан.
Көрмедегі әр фотожұмыста QR-код орналастырылған – оны сканерлеу арқылы суреттің тарихымен кеңірек танысуға болады.
Шара қонақтарының бірі, Торайғыров университетінің ағылшын тілі оқытушысы, Пәкістан азаматы Ахмед Интесар өз әсерімен бөлісті:
— Фотокөрме маған ерекше ұнады. Полиция қызметінің көпшілік біле бермейтін тұстарын көрдім. Әрбір суреттегі оқиға әсерлі әрі шабытты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фотокөрменің басты мақсаты – қоғамға полиция қызметінің адамдық және рухани қырларын көрсету, Заңға адалдық пен азаматтардың қауіпсіздігі жолындағы еңбектің маңызын еске салу.
Әр сурет – бейбіт өмірдің батырларына тағзым, ал заң мен тәртіпті сақтау – елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың басты кепілі.