Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында полицейлер мектептер мен колледждерде қауіпсіздік сабақтарын өткізді

Қостанай облысында полицейлер мектептер мен колледждерде қауіпсіздік сабақтарын өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында полицейлер профилактикалық кездесулер өткізіп жатыр. Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдерге заңды түсіндіріп, заңсыз әрекеттердің салдарын ұғындыру.

Жыл сайын жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар күрделене түсуде. Тыйым салынған заттарды тарату, киберқылмысқа қатысу және интернеттегі агрессия жатады. Кездесулерде полицейлер мектеп оқушылары мен студенттерге тыйым салынған заттарды сату туралы хат алмасу, өзге адамның суреті мен жеке деректерін рұқсатсыз жариялау, балағаттау – заңды бұзу екенін атап өтті.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Олжас Мағыпаров ЧелГУ ҚФ студенттерімен кездесуде SIM-карталарды жалға берген жас жігітке қатысты істі мысалға келтірді.

Күдікті SIM-карталарды тіркеп, мессенджерлерге қосып, алаяқтарға берген. Ал алаяқтар сол нөмірлер арқылы “Сізге сәлемдеме келді” деген схема бойынша азаматтарды алдаған. Жалпы залал — 2 миллион теңгеден асады, — деді Мағыпаров.

Оның айтуынша, бірнеше ай ішінде шамамен 35 нөмір жалға берілген, ал заңсыз табыс шамамен 5 миллион теңгені құраған. Полиция SIM-карталарды бөгде адамдарға беру — заң бұзушылық екенін ескертеді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкері Әсел Сексенованың айтуынша, жыл басынан бері есірткіні жарнамалайтын граффитиге қатысты 74 дерек келіп түскен. полицейлер күн сайын қауіпті интернет-ресурстар мен боттарды тауып, нәтижесінде 472 сілтеме бұғатталды.
Жыл басынан бері өңірде 226 профилактикалық іс-шара өткізілді.

Есірткімен күрес – тек полицияның міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның борышы. Біз балаларымызды осы қауіптен бірге қорғауымыз керек, – деп атап өтті Сексенова.

Полицейлер экстремизмге  қарсы іс-қимылды да атап өтті.

  Қазіргі жағдайда әр адам теракт қаупі кезінде қалай әрекет ету керектігін білуі қажет. Біз жасөспірімдерді қауіпті белгілерді тануға, эвакуация кезінде іс-қимыл жасауға және полицияға хабарласуға үйретеміз. Жалған бомба туралы хабарламаларға ерекше көңіл бөлінеді. Мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл – әзіл емес, салдары ауыр қылмыс.

Біз оқушыларға мұндай істер үшін заң алдында жауап беруге тура келетінін түсіндіреміз, –деді Бапинов.

Сондай-ақ полицейлер білім беру ұйымдарының қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттер туралы хабарлауға міндетті екенін, хабарламағаны үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Қауіпсіздік сабақтары – бұл дәріс те, нотация да емес. Бұл –әр жасөспірімнің өз таңдауын түсіну мүмкіндігі. Ал бұл таңдау қауіпсіздік пен жауапкершілік бағытында болуы керек, –деп атап өтті полиция департаменті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру