Павлодарда полицейлер жасөспірімдермен құқықтық сабақ өткізді
Полицейлер Павлодар қаласының балаларды қолдау өңірлік орталығымен, "Жас ұрпақ" жасөспірімдер үйі және Кенжекөл отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілерімен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Samruk Umiti" жобасы аясында полицейлер жасөспірімдермен кездесу өткізді. Кездесуде "Менің жауапкершілігім мен құқықтарым" тақырыбында жасөспірімдерге әртүрлі жағдайларға қалай дұрыс жауап беру керегін, сондай-ақ олардың жеке әрекеттері болашағына қалай әсер ететіні талқыланды. Тәртіп сақшылары заңдарды сақтаудың маңызын атап өтті.
Тәрбиеленушілерге құқық қорғау органдарының өкілдері алаяқтықтан аулақ болу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жеке мәліметтерді қорғау, сондай-ақ алаяқтардың құрбаны болған жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы айтты.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері әр адам өз құқықтарын білуі керек, бірақ сонымен бірге қоғам алдындағы жауапкершілігін ұмытпауы керек деп түсіндірді. Жасөспірімдер болашақ ересек азаматтар ретінде ең кішкентай әрекеттердің өзі олар үшін де, айналасындағылар үшін де ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін түсінуі керек екенін атап өтті.
– Мұндай іс-шаралар балалар мен жасөспірімдерде қауіпсіз және жауапты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Олар жастардың құқықтық сауатын арттыруға көмектеседі және олардың әлеуметтік дамуына маңызды қолдау көрсетеді,– деп хабарлады орталық полиция өкілдері.