СҚО-да полицейлер өзін жайсыз сезінген қарт жүргізушіге көмек көрсетті
СҚО-да полицейлер өзін жайсыз сезінген қарт жүргізушіге көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сенбі күні Мамлютка – Қостанай автожолында Көкшетау қаласының тұрғыны, Daewoo Nexia көлігінің жүргізушісі өзін жайсыз сезінген. Жағдайды патрульдік полицейлер байқап, ер адам олардан медициналық мекемеге дейін шығарып салуды өтінген. Полицейлер дереу көлікті жол бойымен алып жүріп, қауіпсіз түрде медициналық пунктке жеткізді. Дәрігерлердің айтуынша, қарияның қан қысымы көтерілген. Тәртіп сақшылары оны медицина қызметкерлеріне тапсырған соң, трассаны патрульдеуді жалғастырды.
Денсаулығы нашарлаған күйде көлік басқару жол-көлік оқиғаларының туындауына себеп болуы мүмкін. Әсіресе жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер өз денсаулығына, еңбек және демалыс тәртібіне мұқият болуы қажет. Айта кетсек, өткен аптаның соңында, 10-12 қазан аралығында, полицейлер осы бағытта "Тасымалдаушы" жедел алдын алу іс-шарасын өткізді.
Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 296 дерегі анықталды, соның ішінде 16 жүргізуші көлікті мас күйде басқарған. Сонымен қатар 15 заңсыз тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлікті заңсыз қайта жабдықтаудың 8 фактісі тіркелді. Ең көп кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – қауіпсіздік белдігін тақпау. Полицейлер осындай 132 деректі анықтады.
Полицияның негізгі мақсаты – жүргізушілердің тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Бұл жұмыс "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.
