Қарағанды облысында полицейлер тұрғынның қорасынан жасырын фитозертхананы тапты
Полицейлер Шахтинск тұрғынының қорасынан жасырын фитозертхананы тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының Шахтинск қаласында полиция қызметкерлері есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысқан азаматты анықтады. Тексеру барысында 39 жастағы ер адамның үйінің ауласындағы қорада қарасора өсіруге арналған жасырын фитозертхана ұйымдастырғаны белгілі болды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті көктем айларында кездейсоқ қарасора тұқымдарын тауып алып, интернет арқылы жылыжай жасау мен өсімдікті күтіп-баптау тәсілдерін меңгерген. Кейін ол қора ішінде қажетті құрал-жабдықтарды орнатып, арнайы жарық пен суару жүйесін іске қосқан. Өз сөзінде ер адам өсімдікті тек жеке пайдалану мақсатында өсіргенін айтқан.
Полиция қызметкерлері жылыжайда болған барлық жабдықтар мен қарасора тұқымдарын тәркіледі. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.