СҚО-да тұрғындар "Заң және Тәртіп" цифрлық сервисін кеңінен пайдалана бастады
СҚО-ның 154 тұрғыны "Заң және Тәртіп" цифрлық сервисін пайдаланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Еске салайық, биыл маусым айынан бастап еліміздің тұрғындары полицияға тек телефон немесе "102" мобильді қосымшасы арқылы ғана емес, сондай-ақ "Kaspi" мен "Halyk" банктерінің қосымшаларындағы "Мемлекеттік қызметтер" бөлімінде, әрі "EGov.mobile" арқылы қолжетімді "Заң және Тәртіп" сервисі арқылы да жүгіне алады.
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері полицейлер омниканалды байланыс жүйесі арқылы тұрғындардан 437 хабарлама қабылдады. Оның ішінде 100-і – "EGov.mobile", 48-і – "Kaspi", 6-ы – "Halyk" қосымшалары арқылы түскен. Халықтың басым бөлігі көлік жүргізушілерінің тәртіп бұзушылықтарына алаңдаушылық білдірген: жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша 275 өтініш тіркелді.
Полиция халықпен байланыс орнатудың қолжетімділігін кеңейтіп, жаңа коммуникациялық арналарды енгізіп келеді. Мұның барлығы азаматтардың ыңғайлылығы үшін жасалуда – әр адам полиция қызметтерін өзіне қолайлы форматта пайдалана алуы үшін. Цифрлық технологиялар заманауи полицияның сервистік бағытын дамытуға, тұрғындар сигналдарына жедел әрекет етуге және "Заң және Тәртіп" қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді.