Жетісу облысында мал ұрлығының алдын алу және ашу мәселелері талқыланды
Жетісу облысында мал ұрлығының алдын алу және ашу мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы ПД-да департамент бастығының орынбасары Руслан Чарапиевтің төрағалығымен жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекциясы мен облыстық ветеринария басқармасының мамандары қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – мал ұрлығын болдырмауға және ашуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру, сондай-ақ полиция мен ветеринариялық қызметтердің өзара іс-қимылын күшейту болды.
Басқосу барысында жануарларды міндетті түрде чиптеу талаптары, қолданыстағы таврлау және сырғалау тәсілдері, сондай-ақ жылқыларға спутниктік GPS-трекерлер орнату мүмкіндігі талқыланды. Сонымен қатар мал мен ет өнімдерін, жануар тектес шикізатты тасымалдауға бақылау орнату мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Кездесуде жалған анықтамалар беру фактілерінің алдын алу, мал иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту және ауылдық жерлерде бақылауды күшейту бағытындағы жұмыстар егжей-тегжейлі қарастырылды.
Руслан Чарапиев өз сөзінде мал ұрлығының ауыл тұрғындарына келтіретін экономикалық зияны ғана емес, қоғамның қауіпсіздігіне де айтарлықтай қатер төндіретінін атап өтті. Осыған байланысты азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында барлық жауапты құрылымдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігі айтылды.
Кездесу қорытындысында бірлескен жұмыстың нақты бағыттары айқындалып, оның ішінде профилактикалық шараларды күшейту, мал иелері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жануарларды бақылаудың заманауи технологияларын енгізу бойынша міндеттер белгіленді.
