Ұлттық ұлан жауынгерлері елордадағы жоғары деңгейдегі кездесулердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті
Елордада өткен маңызды халықаралық іс-шаралар кезінде Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің мыңнан астам жауынгері қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гормен және АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен кездесуі, сондай-ақ Финляндия Президенті Александр Стуббтың ресми сапары кезінде ел астанасы ерекше дайындық пен қырағылық жағдайында болды.
Шетелдік делегациялар қатысқан күндері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау – Ұлттық ұлан жауынгерлерінің басты міндеті еді.
– Мұндай жоғары деңгейдегі кездесулерде қызмет атқару – зор жауапкершілік. Әр минут, әр қозғалыс нақты жоспарға сай жүзеге асады. Қауіпсіздік шаралары тек нысандарды күзетумен шектелмейді, біз қала аумағында да тұрақтылық пен тәртіпті сақтауға атсалысамыз, – дейді жауынгерлік қызмет бөлімшесінің бастығы Досжан Сахариев.
Оның айтуынша, жеке құрамның дайындығы алдын ала мұқият тексеріліп, әрбір сарбаз өз секторындағы жағдайды толық меңгерген. Қызмет барысында бейқамдыққа жол берілмей, кезекшілер тәулік бойы бақылау жүргізген.
Қатардағы Сұлтанғали Мұхаммеджан болса, мұндай ауқымды шараларда борыш атқару – әр сарбаз үшін зор мақтаныш екенін айтады:
– Біз үшін бұл – ел намысын қорғаудың бір көрінісі. Мемлекет басшысы қатысқан маңызды кездесулер кезінде қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау – үлкен абырой. Әр сәтте өз міндетіңді мінсіз орындау – нағыз жауынгердің белгісі, – дейді жас сарбаз.
5573 әскери бөлімінің ұландықтары өз қызметін мінсіз атқарып қана қоймай, тәртіп пен мәдениеттің жоғары үлгісін көрсетті.
Кездесулер барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік, сауда-экономикалық байланыстар және халықаралық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Ал Финляндия Президенті Александр Стуббтың сапары аясында су ресурстарын басқару, экологиялық ауылдар мен туризмді дамыту бағытында 15 маңызды құжатқа қол қойылды.
Мемлекеттік маңызы зор осындай кездесулердің табысты өтуі – тек дипломатиялық жетістік қана емес, ел тыныштығын қамтамасыз еткен ұландықтардың қажырлы еңбегінің жемісі.
Ұлттық ұлан жауынгерлері – ел қауіпсіздігінің тірегі, бейбіт күннің сақшылары.
