Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстауда пробация қызметі есептегі азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейтті

Маңғыстауда пробация қызметі есептегі азаматтарға әлеуметтік қолдауды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі есепте тұрған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуді жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Бүгінде өңірдегі пробация қызметінің есебінде 860 адам бар. Жыл басынан бері 1800-ден астам адам пробациялық бақылаудан өтті. Пробация инспекторлары сотталғандарға тек бақылау жүргізіп қана қоймай, олардың қоғамға қайта бейімделуіне де жан-жақты көмек көрсетуде. Қызметкерлердің үйлесімді жұмысының арқасында есептегі азаматтар түрлі әлеуметтік қолдау түрлерін алып отыр.

Мәселен, Түпқараған ауданында 33 жастағы сотталған азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілді. Пробация қызметінің инспекторлары жергілікті жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, оның біліктілігіне сай жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде ол ауданның коммуналдық кәсіпорындарының біріне тұрақты жұмысқа қабылданды.

– Өмірім жақсы жаққа өзгерді. Енді тұрақты табысым бар, отбасым мен қоғамға пайда келтіруге тырысамын. Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткен пробация қызметінің мамандарына алғыс айтамын, – деді ол.

Ал Маңғыстау ауданында есепте тұрған тағы бір ер адамға бір жолғы материалдық көмек көрсетілді. Бұл қолдау оның уақытша тұрмыстық қиындықтарын еңсеруге және отбасын қажетті азық-түлік пен тұрмыстық тауарлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

– Біз әрбір есептегі азаматқа тек бақылау нысаны ретінде емес, көмекке мұқтаж адам ретінде қараймыз. Әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, олардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасаймыз, – деді ҚАЖ департаменті пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы Берік Бабаев.

Статистикалық мәліметке сәйкес, жыл басынан бері облыс бойынша 126 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, 57 адам медициналық көмек алған. Ал 118 тұлғаға бір жолғы материалдық жәрдем көрсетілген.

Мамандардың айтуынша, мұндай әлеуметтік қолдау шаралары қайталама қылмыстың алдын алуға, есептегі азаматтардың тәртіпті болуына және олардың қоғамға толық бейімделіп, қалыпты өмірге оралуына ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру