Пәтер сату сылтауымен 42 адамды алдаған күдікті қолға түсті
Астана қаласында полицейлер жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құрылыс саласында алаяқтық жасады деген күдікпен 52 жастағы ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде азаматтармен пәтер сату сылтауымен брондау туралы келісімшарттар жасаған. Ол ақша қаражатын алғаннан кейін құрылыс аяқталған соң пәтерді меншікке рәсімдеп беремін деп уәде еткен.
Алайда тергеу барысында кейбір пәтерлердің бірнеше адамға қатар сатылғаны анықталды. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша 42 эпизод тіркелген. Бір жағдайдың өзінде жәбірленушіге келтірілген залал көлемі 6,5 миллион теңгеге жеткен. Сонымен қатар тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылғаны белгілі болды.
Күдіктіге қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Құқық қорғау органдары азаматтарға жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелер жасағанда сақ болуды, құжаттардың заңдылығын мұқият тексеруді және тек ресми құрылыс компанияларына жүгінуді ескертеді.
