Қызылорда облысында есептегі сотталған азаматтармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде
Қызылорда облысында есептегі сотталған азаматтармен жүйелі жұмыстар жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің есептегі сотталғандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді.
Жыл басынан бері өңірде 28 рет республикалық және облыстық деңгейде профилактикалық күшейтілген іс-шаралар ұйымдастырылған. Бұл жұмыстардың басты мақсаты — есептегі сотталған азаматтардың қайта құқық бұзушылыққа бармауын және олардың қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету.
Қазіргі таңда облыс бойынша 1000-нан астам азамат пробация қызметінің есебінде тұр. Олармен тұрақты түрде жеке әңгімелесулер жүргізіліп, оларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Жыл басынан бері пробация қызметкерлері прокуратура және учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп 8444 тексеру жұмыстарын жүргізген. Тексеріс барысында 322 сотталғанға ескерту шарасы қолданылып, 104 адамның жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруға, 2 шартты жазаға сотталғанның мерзімін ұзарту туралы ұсыныс сотқа жолданған.
Сондай-ақ, сот қаулысымен 34 сотталғанның жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, ҚАЖ мекемесіне жіберілді. Пробация қызметтеріне басшылық жасау тобының бас маманы Ғаламат Құлманов аталған жұмыстардың маңызын атап өтті.
Пробация қызметінің басты міндеті – сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеу және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу. Біз әрбір есептегі азаматпен жеке жұмыс жүргізіп, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, еңбекпен қамтылуына және құқықтық көмек көрсетеміз. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс атқарып, есептегі азаматтарды қоғамға бейімдейміз, – дейді Ғаламат Құлманов.
