Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да пробация қызметінде есепте тұрған азаматтармен профилактикалық кездесу өтті

Бәйтерек ауданында пробация қызметінде есепте тұрған азаматтармен профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйтерек ауданы прокуратурасының бастамасымен пробация қызметінде есепте тұрған адамдармен құқықтық түсіндіру және алдын алу мақсатындағы профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген бірқатар өзгерістер түсіндірілді. Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 73-бабында көзделген жазадан босату тәртібі мен шарттарына қатысты 72-баптың ережелері егжей-тегжейлі баяндалды.

Сонымен қатар заңсыз қаржылық операцияларды жүзеге асыру үшін өзінің банктік шоттарын, төлем карталарын немесе жеке деректерін пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылған жаңа бапқа ерекше назар аударылды. Қатысушыларға мұндай әрекеттер қылмысқа қатысушылық ретінде сараланып, қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні ескертілді.

Кездесу барысында құмар ойындарға қатысуға тыйым салу мәселелері де талқыланып, сотталған азаматтарға букмекерлік кеңселер мен өзге де ойын орындарында заңсыз әрекеттерге жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.

Іс-шараға аудан әкімдігінің өкілдері де қатысып, пробация қызметінде есепте тұрған тұлғаларға арналған біржолғы материалдық көмек алу тәртібі мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат берді.

Кездесуді қорытындылай келе, аудан прокурорының орынбасары Ә. Әбу заңнаманы қатаң сақтаудың, қайталама құқық бұзушылықтарға жол бермеудің және заңға бағынатын өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтті.

Мұндай профилактикалық шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, пробациялық бақылаудағы азаматтарды қоғамға қайта бейімдеуге және оларды заңсыз әрекеттерге тартудың алдын алуға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру