Ұлытау облысында полицейлер есірткі қылмысына қарсы жүйелі жұмыс жүргізуде
Ұлытау облысында полицейлер есірткі қылмысына қарсы жүйелі жұмыс жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлытау облысының полиция департаменті "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтіп, бұл бағытта кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз сақтау мен өсіру деректерін анықтап, бір есірткі зертханасының қызметін тоқтатты. Сондай-ақ есірткі заттарын өткізу бойынша 24 қылмыстық деректің жолы кесілді.
Жедел-профилактикалық "Қарасора" іс-шарасы барысында бес бақылау-өткізу бекеті ұйымдастырылып, есірткіге қатысты 58 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде бес дерек — қарасора егу, 16 дерек — есірткі заттарын сату фактілері.
Жүргізілген жедел шаралардың нәтижесінде облыс аумағында марихуана түріндегі есірткіні аса ірі көлемде сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізумен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Тергеу барысында олардың есірткі заттарын Жамбыл облысындағы Шу аңғарынан жеткізіп отырғаны анықталды.
Сондай-ақ осы жылы мак өсімдігінен алынған есірткі өнімдерін заңсыз өткізуге қатысы бар тағы бір қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Сот үкімімен бес күдікті 10–11 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Есірткі қылмысының алдын алу және оның насихатына тосқауыл қою мақсатында 1050 интернет-ресурс бұғатталды. Сонымен қатар Antifraud желісі аясында заңсыз операциялар үшін пайдаланылған шамамен 2800 банк шоты мен төлем картасының қызметі тоқтатылды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2025 жылды "Профилактика жылы" деп жариялауына сәйкес, Ұлытау облысының полиция департаменті қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кең ауқымды профилактикалық іс-шараларды жалғастырып келеді.
Есептік кезеңде 841 есірткіге қарсы іс-шара ұйымдастырылып, оларға 33 мыңнан астам адам қатысты. Еріктілердің көмегімен есірткіге қатысты 155 граффити жазбасы жойылды.
