Павлодарда полицейлер балаларды қауіпсіздік ережелеріне және салауатты өмір салтына үйретті
Павлодарда полицейлер балаларды қауіпсіздік ережелеріне және салауатты өмір салтына үйретті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалар арасында қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және оларды салауатты өмір салтының маңызды бөлігі ретінде спортқа баулу мақсатында Павлодар облысында полицейлер "Жас Сақшы" сыныбының оқушылары үшін "Қауіпсіздік сабағын" өткізді.

Оқу сабағы "Шымыр" олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылды. Балалар ойын түрінде түрлі жаттығулар орындап, жүзудің бастапқы элементтерін меңгерді және судағы қауіпсіздік ережелерін үйренді. Барлық жаттығулар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілді.
Іс-шара жылы әрі достық атмосферада өтті, бұл балалардың физикалық және психологиялық дамуына оң әсер етті. Алған тәжірибелік дағдылар олардың алдағы уақытта жүзу машықтарын жетілдіруіне негіз болмақ.
Сабақ аяқталған соң қатысушылар жауынгерлік даңқ тарихы музейіне экскурсия жасады. Мұнда Павлодар облысы ішкі істер органдарының қалыптасу тарихын айғақтайтын 1000-нан астам экспонат ұсынылған. Балалар әр дәуірдің қызметтік киім үлгілерін, ретро фотосуреттерді, қару-жарақтар мен марапат белгілерін тамашалады. Сонымен қатар, қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицей-қаһармандардың өмірбаянымен танысты.
"Заң және тәртіп" қағидатын ілгерілету мақсатында полицейлер оқушылармен профилактикалық әңгіме өткізіп, заңды сақтау маңыздылығын, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың салдары мен буллинг, есірткі тарату сияқты әрекеттердің жауапкершілігі туралы түсіндірді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Әкімшілік кодекстеріне сәйкес кәмелетке толмағандардың жасайтын құқық бұзушылықтары үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын айтты.
Балалар пайдалы әрі қызықты өткен "Қауіпсіздік сабағы" үшін полицейлерге ризашылықтарын білдіріп, әрдайым сақ әрі мұқият болуға уәде берді.
Іс-шара соңында "Жас Сақшы" сыныбында белсенділік танытқан оқушылар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
