"Оңай ақша болмайды": Павлодарда полицейлер жасөспірімдермен кездесті
Павлодарда полиция қызметкерлері жасөспірімдермен профилактикалық кездесу өткізіп, интернетте және күнделікті өмірде кездесуі мүмкін негізгі қауіптерді түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесуде интернет-алаяқтық мәселесіне ерекше назар аударылды. Жасөспірімдерге қаскөйлер өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған жағдайда да, бөгде адамдарға парольдерді, SMS-кодтарды және банк картасының деректерін беруге болмайтыны ескертілді.
— Егер сізді асықтырып, қорқытып немесе шұғыл түрде ақша аударуды талап етсе, тоқтап, ақпаратты мұқият тексеріңіз. Банктің нағыз қызметкері SMS-кодты немесе парольді сұрамайды, — деді Ертіс аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы Қуат Сәрсембаев.
Кездесу барысында дропперлік мәселесі де талқыланды. Жастарға "оңай жолмен ақша табуды" ұсынатын адамдар олардың атына банк картасын рәсімдетіп, картаның деректерін беруге немесе бөтен ақшаны аударуға тартуы мүмкін екені түсіндірілді.
— Сізге "картаңды ғана бер, ақша аласың" деуі мүмкін. Бірақ шотыңыз арқылы жүргізілген операцияларға өзіңіз жауап бересіз. Мұндай заңсыз схемаларға өзіңізді пайдалануға жол бермеңіз, — деп атап өтті полиция қызметкері.
Сонымен қатар есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне назар аударылды. Жасөспірімдерге ақша үшін "закладканы" алып кету, тасымалдау немесе басқа адамға жеткізу туралы ұсыныстардың қауіпті екені түсіндірілді.
— Сізден кім сұрағаны және қанша ақша ұсынғаны маңызды емес. Мұндай әрекеттерге қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін, — деп ескертті спикер.
Бұдан бөлек, кездесуге қатысушыларға лудоманияның, яғни құмар ойындар мен онлайн бәс тігуге тәуелділіктің қауіптері түсіндірілді. Оңай ұтысқа деген құштарлық қарызға және күрделі қаржылық мәселелерге әкелуі мүмкін екені айтылды.
Кездесу соңында полицейлер жасөспірімдерді күмәнді ұсыныстарға ермеуге, асығыс шешім қабылдамауға және қандай да бір сұрақ туындаған жағдайда ата-аналарына, педагогтерге немесе полиция қызметкерлеріне жүгінуге шақырды.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және оларды заңсыз әрекеттерге тартудың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
