Жамбыл облысында сотталғандарға құқықтық кеңес берілді
Жамбыл облысында есірткі қылмыстары мен қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне қарасты "Жастар ресурстық орталығы" КММ, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес және ҚАЖ департаментінің өкілдерімен бірлесіп, сотталғандармен дөңгелек үстел өткізді.
Кездесуге жазасын өтеп жатқан, оның ішінде бостандыққа шығуға дайындалып жүрген азаматтар қатысты. Оларға есірткі қылмыстарын жасаудың құқықтық салдары, заңсыз әрекеттен бас тартудың маңызы және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделу мүмкіндіктері түсіндірілді.

Жиында жеке тәжірибеге ерекше мән берілді. Қатысушылар алдында бұрын сотталған, бүгінде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытында волонтерлік қызметпен айналысып жүрген азамат сөз сөйледі. Ол өз басынан өткен жағдайды айтып, өмірлік ұстанымдарын өзгертіп, заң талаптарын сақтайтын жаңа жолға түскенін жеткізді.

Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.
