Жетісу университетінде студенттерге арналған танымдық кездесу өтті
Жетісу университетінде студенттерге арналған танымдық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу университетінде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында танымдық-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Кездесуді Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен кинологиялық қызмет орталығының мамандары өткізді. Полицейлер студенттерге есірткінің адам өмірі мен болашағына тигізер зияны туралы айтып, есірткі тарату сияқты заңсыз әрекеттердің ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсіндірді.
Кинологтардың көрнекі көрсетілімі студенттердің ерекше қызығушылығын оятты. Қызметтік ит жасырылған үлгіні жылдам тауып, өз шеберлігі мен үйретілген дағдыларын көрсетті. Көрініс көрермендерге ерекше әсер қалдырып, зал толы студенттер жылы қол шапалақпен қошемет көрсетті.
Іс-шара барысында жастар полицейлерге түрлі сұрақтар қойып, кинологтардың күнделікті қызметі мен иттерді үйрету тәсілдері туралы мағлұмат алды. Кездесу соңында студенттер полиция қызметкерлері және олардың сенімді серіктерімен естелік суретке түсті.
Мұндай кездесулер жастардың бойында заңға деген құрметті, салауатты өмір салтына ұмтылысты және қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған.
