ІІМ баспасөз қызметі екі жыл қатарынан үздік деп танылды
Астанада өткен Astana Media Week медиа-форумында отандық және шетелдік сарапшылар, медиаменеджерлер, журналистер мен тележүргізушілер қазіргі медиаиндустрияның негізгі үрдістері мен сын-қатерлерін талқылады. Жыл сайынғы іс-шара аясында Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында мемлекеттік органдардың үздік баспасөз қызметтерін марапаттау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпараттық ашықтық қағидатын қамтамасыз еткені үшін Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі екі жыл қатарынан үздік деп танылды. Ведомство ұжымы жоғары кәсібилігі, ашықтығы және бұқаралық ақпарат құралдарымен әрі қоғаммен тиімді өзара іс-қимылы үшін марапатталды.
- ІІМ баспасөз қызметі полиция мен халық арасындағы диалогты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Оның қызметі "Заң мен Тәртіп" қағидатын ілгерілетуге, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және ведомство бастамалары мен өзекті оқиғаларды жедел жариялауға бағытталған, - деді ақпараттық саясат департаментінің бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Ведомствоның коммуникациялық стратегиясы халықты жедел әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және ішкі істер органдарының қызметіне қоғам сенімін арттыруға бағытталған.
