Мұрат Салахадинов – антқа адалдықтың жарқын үлгісі
Өмірінің 31 жылын ішкі істер органдарына арнаған ардагер Мұрат Салахадинов жайлы Polisia.kz. сайты ақпарат ұсынады.
10 қараша — Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары ардагерлерінің күні.
Бұл күн – өмірінің көп бөлігін ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге арнаған азаматтарға деген құрмет пен алғыс білдіретін ерекше мереке.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ардагерлер ұйымында бүгінде 200-ге жуық ардагер бар. Олар – өз өмірін қиын да жауапты салаға арнап, талай жыл елге адал қызмет еткен азаматтар. Ардагерлер ұйымы жас мамандарға тәлімгерлік кеңестер өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісіп, жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп келеді.
Осындай ардагерлердің бірі – отставкадағы әділет полковнигі Салахадинов Мұрат Бейсекейұлы.
Ол 1961 жылы 22 желтоқсанда Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтының түлегі.
1984 жылы институтты тәмамдаған соң жолдамамен сол кездегі ЗК-169/2 түзеу мекемесіне инженер-конструктор болып жұмысқа қабылданады. Кейін бас механик, режим бөлімінің бастығы, қылмыстық- атқару инспекциясының басшысы, басқарма бастығының орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарған.
1988 жылы рақымшылыққа байланысты ЗК-169/2 түзеу мекемесі жабылып, сол жылы Мұрат Бейсекейұлы Ресей Федерациясының солтүстігіндегі Коми аймағындағы ағаш өңдеу түзеу мекемесіне аға инженер-энергетик болып ауысады. Үш жыл қызмет еткен соң, 1991 жылы Тартоғай елді мекеніндегі қоныс колониясына ауысып, сол жерде еңбек жолын жалғастырған.

Қызмет барысында кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында мекеме бастығының орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, полковник шенімен 2015 жылы зейнеткерлікке шыққан.
Көп жылғы еңбегі еленіп, 2021 жылы "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының Құрметті ардагері" атағына ие болды.
31 жылдық үздіксіз қызметінде Мұрат Бейсекейұлы қылмыстық-атқару жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан тәжірибелі маман. Ол бүгінде жас қызметкерлермен кездесіп, өз тәжірибесін бөлісіп, антқа адал, жауапкершілігі жоғары болудың маңызын үнемі айтып отырады.
– Қызмет – бұл жай ғана жұмыс емес, ол – ел алдындағы қасиетті борыш. Әр қызметкер өз антына адал болса, халықтың сенімі де, жүйенің беделі де артады. Қай салада жүрсең де, ар-ұятыңды биік ұста, өз ісіңді сүй, тәртіп пен әділдікті серік ет. Сонда ғана сен нағыз офицер боласың, – дейді ардагер.
Қызметіне адал, өз ісінің майталманы, ұрпаққа өнеге болар тұлға – Мұрат Бейсекейұлы Салахадинов тәртіп пен жауапкершіліктің, еңбек пен абыройдың жарқын үлгісі болып қала береді.
