Ақтөбеде ЖКО құрбандарын еске алу күні аясында колледж студенттерімен кездесу өтті
Ақтөбеде Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні аясында колледж студенттерімен кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
10–16 қараша аралығында өтіп жатқан республикалық "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" мен Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні аясында Ақтөбе облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы Ақтөбе автожол колледжімен бірлесе отырып, студенттер арасында "Жол қозғалысы қауіпсіздігі" тақырыбында байқау ұйымдастырды.
Іс-шараға 15 студент қатысып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған өз жобаларын қорғады. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар арнайы марапаттарға ие болып, бағалы сыйлықтармен көтермеленді.
Шараның басты мақсаты – жастар арасында жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жас буынның назарын жолдағы қауіпсіздік мәселелеріне аудару болды.
Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жолда қырағылық танытуға, жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға және баршаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады.
