Павлодар облысында тіркеусіз немесе жеке құжатсыз тұрудың 4 мыңнан астам дерегі анықталды
Павлодар облысында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрудың 4 мыңнан астам дерегі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын әрбір азаматтың жеке куәлігі болуы міндетті. Қазақстан азаматының жеке куәлігі 16 жастан бастап 10 жыл мерзімге рәсімделеді.
Жеке куәлігінсіз, жарамсыз құжатпен немесе тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз 10 күннен 1 айға дейін тұру – ескерту жасауға әкеледі. Ал бұл мерзім өткен жағдайда азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылады және 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Павлодар облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының мәліметінше, биылғы он айда осы бап бойынша 1220 құқық бұзушылық тіркелген.
– Кейбір азаматтар жеке құжатын жоғалтқаны немесе жарамдылық мерзімі өткенін уақтылы хабарлауға мүмкіндік болмағанын айтса, енді біреулері мұндай жағдайда айыппұл салынатынын білмеген, – дейді облыстық көші-қон қызметінің бастығы Қанат Сартов.
Мысалы 26 жастағы қала тұрғыны 2024 жылдың тамыз айында тұрмысқа шығып, күйеуінің тегін алғанымен, жеке куәлігін ауыстыруды ұмытып кеткен. Құжатының жарамсыз екенін ол Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінген кезде ғана білген. Сондай-ақ тағы бір тұрғын жеке куәлігінің мерзімі бір жылдан астам уақыт бұрын өтіп кеткенін тек ХҚКО-да анықтаған, себебі құжаттағы мерзімге назар аудармаған.
Жалпы, Павлодар облысында тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрудың 4225 фактісі анықталды.
Полиция қызметкерлері азаматтарға артық шығын мен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін жеке құжаттарының жарамдылық мерзімін үнемі тексеріп отыруды қатаң ескертеді.
