Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында бұрын сотталған азамат ағаш өңдеу цехын ашып, жазасын өтеушілерге үлгі болды

Абай облысында бұрын сотталған азамат ағаш өңдеу цехын ашып, жазасын өтеушілерге үлгі болды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қаласының 42 жастағы тұрғыны, Абай облысындағы қауіпсіздігі аралас мекемеде жазасын өтеген бұрын сотталған азамат бүгінде өз өмірін түбегейлі өзгертіп, жеке кәсібін ашқан. Ол бостандыққа шыққаннан кейінгі жетістік тарихымен бөлісіп, қазіргі уақытта жазасын өтеушілерге бейнеүндеу жолдады.

Өз сөзінде ол еркіндікке шыққан соң жаңа өмір бастағанын және ағаш өңдеу цехын ашқанын айтты. Оның өмір жолы – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде әлеуметтік бейімделудің және оң өзгерістерге ұмтылудың жарқын үлгісі ретінде көрсетілді.

Бұрын сотталған азаматтың айтуынша, ол ағаш ұстасы мамандығымен алғаш рет жазасын өтеу кезінде танысқан. Цехта еңбек ете жүріп, ағашты өңдеу технологиясын меңгеріп, осы істі өмірлік кәсіпке айналдыруды мақсат еткен.

Бостандыққа шыққан соң алған білімін іске асырып, табиғи ағаштан жиһаз, кәдесый және интерьерге арналған бұйымдар шығаратын шағын өндіріс ашты.

Оның кәсібін жолға қоюға бұрынғы жұмыс берушісі – колониядағы өндіріс цехының жетекшісі қолдау көрсеткен. Ол тәжірибесімен бөлісіп, алғашқы тапсырыстарды табуға жәрдемдескен.

— Мен сотталғандарға бостандыққа шыққан соң өмір өз қолдарында екенін көрсеткім келеді. Ең бастысы – өзіңе сену. Сенім мен еңбек болса, бәрі де мүмкін, — деді бұрын сотталған азамат өз бейнеүндеуінде.

— Мұндай мысалдар басқа сотталғандар үшін үлкен ынталандыру. Біз бостандыққа шыққаннан кейін де өмір бар екенін, бәрі адамның өзіне байланысты екенін көрсеткіміз келеді. Біздің тәрбиелік және еңбек бағдарламаларымыз сотталғандарға мамандық беруге, өзіне сенімділік ұялатуға және жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Айдын Калелов.

Бүгінде бұрын сотталған азаматтың кәсіпорны тұрақты дамып, табыс әкелуде және өзгелерге де жұмыс орындарын ұсынып отыр. Мекеме қызметкерлері еңбек, табандылық және өз-өзіне сену – кез келген адамның өмірін жақсы жаққа өзгерте алатынына сенімді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру