БҚО-да криптовалюта қылмыстарын анықтау бойынша өңіраралық семинар-кеңес өтті
Батыс Қазақстан облысында криптовалюта қылмыстарын анықтау бойынша өңіраралық семинар-кеңес өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысында "Қылмыстық жолмен алынған криптовалюта активтерін анықтау және олардың транзакцияларын қадағалау" тақырыбында өңіраралық семинар-кеңес өтті. Оған Қазақстан Республикасы ІІМ тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Аисов төрағалық етті.
Іс-шараға Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарының прокуратурасы мен полиция бөлімшелерінің тергеушілері, жедел уәкілдері және криминалистері қатысты.
Семинар барысында криптовалютаға қатысты қылмыстардың өзекті тенденциялары, блокчейн технологиясы мен криптоаналитиканың негізгі қағидалары, қылмыстық жолмен алынған криптоактивтерді анықтау тәсілдері, сондай-ақ цифрлық транзакцияларды бақылау әдістері жан-жақты талқыланды. Қатысушыларға криптовалютаны пайдалану арқылы жасалған құқықбұзушылықтарды тергеудің құқықтық және әдістемелік ерекшеліктері түсіндірілді.

Сонымен қатар іс-шараға онлайн режимде шетелдік компаниялардың сарапшылары қосылып, криптоаналитика саласындағы халықаралық тәжірибе мен заманауи технологиялық шешімдер туралы кеңінен ақпарат берді.
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Өңіраралық семинар-кеңес тергеу, жедел және криминалистикалық бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ криптовалютаға байланысты қылмыстарды анықтау және тергеу бағытында мамандардың кәсіби дағдыларын арттыруға елеулі ықпал етті.

