Ақмолада полицейлер жол-көлік оқиғаларында қаза тапқан әріптестерін еске алды
Ақмолада полицейлер жол-көлік оқиғаларында қаза тапқан әріптестерін еске алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысында 10–16 қараша аралығында жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алуға арналған "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" республикалық акциясы өтті. Бұл апта жолға шыққан әрбір жанға адам өмірінің қаншалықты құнды әрі нәзік екенін, оны сақтау үшін жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстанудың маңызы зор екенін тағы бір мәрте ұғындырды.
Жыл басынан бері өңірде 900-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 93 адам қаза тауып, 457 азамат түрлі деңгейде жарақат алған. Бұл сандар – жай ғана статистика емес. Әрқайсысы – бір тағдыр, орны толмас қаза, қара жамылған отбасының жан жарасы.
Акцияның қорытынды күні – қараша айының үшінші жексенбісінде – полицейлер қызметтік міндетін орындау барысында жол апатында қаза тапқан әріптестерін үнсіздікпен еске алды. Оларға арналып түсірілген бейнероликте тәртіп сақшылары сап түзеп, қолдарына шам ұстап, бір минут үнсіздік жариялады. Бұл сәттің өзі бейнекадрларда терең құрмет пен сағыныш сезімін айқын жеткізеді.
Әсіресе Бурабай аудандық бөлімшесі дайындаған бейнекөрініс көптің жүрегіне әсер қалдырды. Онда қызмет жолында көз жұмған әріптестеріне деген шынайы құрмет пен мәңгілік естелік көрініс тапқан.
Бұл акция – тек қана қаза болғандарды еске алу шарасы емес. Ол – жол қозғалысы ережелерін сақтау әр адамның жеке жауапкершілігі екенін, жолға шыққан әрбір азаматтың қауіпсіздігі осы жауапкершілікке тікелей байланысты екенін еске салатын маңызды үндеу.
