Семейде төмен бағамен техника алып беремін деп тұрғынды алдаған күдікті қолға түсті
Семейде төмен бағамен техника алып беремін деп тұрғынды алдаған күдікті қолға түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласының полициясына 49 жастағы жергілікті тұрғын алаяқтыққа қатысты арызданды. Оның айтуынша, өзін Досжан деп таныстырған жас жігіт тұрмыстық техниканы төмен бағамен сатып алуға көмектесемін деп сендірген. Айтқан уәдесіне сенген жәбірленуші оған 1 296 мың теңге көлемінде ақша тапсырған. Алайда күдікті қаражатты алған соң байланысқа шықпай, уәде еткен тауарды жеткізбеген.
Полиция жүргізген жедел іс-шаралардың нәтижесінде күдікті – 31 жастағы қала тұрғыны анықталып, бөлімшеге жеткізілді. Тергеу барысында ол өз кінәсін толық мойындап, алған ақшаны жеке қажетіне жұмсағанын айтқан.
Қазіргі уақытта бұл факті бойынша алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктіге қатысты процессуалдық мәжбүрлеу шарасы ретінде келу міндеттемесі қолданылды.
Абай облысының полициясы азаматтарға кез келген қаржылық мәміле жасасқан кезде сақ болуды, ұсыныстың шынайылығын мұқият тексеруді тағы да ескертеді. Күмән тудырған жағдайда, тіпті қаншалықты сенімді көрінсе де, бейтаныс адамдарға ірі көлемде ақша бермеу қажет.
