Жетісу облысында полицейлер кәмелетке толмаған құқық бұзушылармен профилактикалық кездесу өткізді
Жетісу облысында полицейлер кәмелетке толмаған құқық бұзушылармен профилактикалық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғам дамып, цифрландыру үдерісі қарқын алып жатқан қазіргі заманда, өз мүмкіндіктерін дұрыс арнада пайдаланып, болашағын жарқын етуге барлық жағдай жасалғанымен, өкінішке қарай, қылмыс жолына түсіп, қателікке бой алдырған жастар да бар.
Жетісу облысында полицейлер кәмелетке толмағандар жазасын өтеп жатқан түзету мекемесіне барып, жасөспірім сотталғандармен кездесті. Олардың арасында ұсақ ұрлықтан бастап, ауыр қылмыс — кісі өлтіруге дейін әртүрлі құқық бұзушылық жасағандар бар. Полицейлердің айтуынша, көпшілігі өз әрекетінің салдарын түсінбеген, кейде мұндай қадамға қоғам қысымы, достарының әсері немесе қылмыстық өмірді дәріптейтін фильмдер мен сериалдар себеп болған.
Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Бұл жай ғана қағида емес. Егер адамның, қоғамның немесе мемлекеттің мүддесіне нұқсан келтірілсе, заң жас ерекшелігіне қарамай жауапқа тартады. Мұндай әрекеттердің салдары кейде жасөспірімнің өзіне ғана емес, ата-анасына, туыстарына және жапа шеккен адамдарға да ауыр тиеді.
Полицияның басты мақсаты — жазалау емес, алдын алу. Өйткені ең бастысы — жастарды өз болашағын құрдымға кетіретін қателіктен сақтандыру. Сондықтан әрбір жас өзіне қарапайым, бірақ маңызды сұрақ қоюы керек.
"Маған бұның қажеті бар ма? Осы үшін өмірімді құрбан етем бе? Мені соған итермелегендер шын достар ма?" — деген сұрақтар расында жасөспірімдерді ойландыруы тиіс. Іс-шараның толық бейнематериалын төмендегі видеодан көре аласыздар.
