Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлттық ұлан болашақ Отан қорғаушылар үшін өз есігін айқара ашты

Елордадағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде Сарыарқа ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы қызметкерлері мен жоғары сынып оқушылары үшін ашық есік күні ұйымдастырылды. Қатысушылар үшін іс-шара ерекше әсер қалдырған маңызды оқиға болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтің тапсырмасы бойынша өтті. Басты мақсат — жастарды құқықтық тәртіп әскері өмірімен, әскери қызметтің мазмұнымен таныстыру.

Қонақтар әскери қызметшілердің күнделікті қызметтік-жауынгерлік міндеттерінде қолданылатын қару-жарақ пен әскери техниканы жақыннан көре алды. Кинологтардың көрсетілімдері де ерекше қызығушылық тудырды. Қызметтік иттер іздеу, бұйрықтарды орындау және қылмыскерді ұстау дағдыларын көрсетіп, кәсіби даярлығын айқын дәлелдеді. Оқушылар казармаларды аралап, ұландықтардың қандай жағдайда тұрып, қалай қызмет атқаратынын көрді.

Бағдарламаның маңызды бөліктерінің бірі — Ұлттық ұланның Орталық мұражайына бару болды. Мұнда қатысушылар құқықтық тәртіп әскерінің қалыптасу тарихымен, бөлімдердің дамуы және қазіргі Ұлттық ұланның құрылу кезеңдерімен танысты. Сондай-ақ бөлім аумағында мерзімді әскери қызметшілердің күнделікті өтетін дене дайындығы элементтері мен спорт қалашығы көрсетілді. Жастар қару үлгілерін көріп, әскери қызметшілермен бірге суретке түсіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Іс-шараның қорытынды бөлігі әскери бөлімнің мәдени-демалыс орталығында өтті. Қонақтарға Ұлттық ұлан Академиясына түсу тәртібі, оқу бағыттары, білім алу жағдайлары мен әскери мансап мүмкіндіктері туралы бейнероликтер көрсетілді. Бағдарлама бөлімнің шығармашылық ұжымы дайындаған шағын концертпен аяқталды.

Ашық есік күні жоғары сынып оқушыларына әскерді заманауи, кәсіби және ашық күйінде көруге мүмкіндік берді. Көптеген оқушылар шарадан кейін Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету және Академияға түсу туралы қызығушылық білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру