Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әке жолын жалғаған ҚАЖ қызметкері

Адамның өмір жолы - бұл қалдырған ізі мен балаларына үйреткен үлгісі. Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет ету дәстүрін жалғастырғандардың бірі – Ақмарал Қайранова туралы Polisia.kz. сайтынан оқыңыздар.

Оның басты тәлімгері – әкесі Болатбек Қайранов болды.

Болатбек Кубашевич ҚАЖ қызметін 1998 жылы Жарма ауданындағы ОВ-156/18 мекемесінде бастады. Қызмет барысында ол бірнеше лауазымды атқарды — жасақ бастығынан басталып, бақылаушылар қызметінің бөлімшесін басқаруға дейін жетті, ал мансабын 2006 жылы майор шенінде аяқтады.

- Мен үшін қызмет тек жұмыс емес, бұл адамдар мен мемлекет алдындағы жауапкершілік болды. Балаларымды өз жолымды таңдауға мәжбүрлеген емеспін, бірақ әрқашан былай дейтінмін: қай жерде жұмыс істесеңіз де, адал және еңбекқор болыңыздар. Ақмаралдың өз еркімен осы жолды таңдағаны және лайықты қызметкер болғанына мақтанамын, — дейді Болатбек Қайранов.

Ақмарал әкесінің үлгісінен шабыттанып, 2008 жылы Павлодар заң колледжін бітіргеннен кейін, әйелдер жазасын өтейтін №21 мекемеде қызметін бастады. Жұмысқа жауапкершілікпен қарауының арқасында ол тез арада беделге ие болып, жасақ бастығы болып тағайындалды, ал 2021 жылы — жазасын өтеп жатқандар арасында тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмысы бөлімінің бастығы қызметіне көтерілді.

Бала кезінен Ақмарал әкесін мақтан тұтқан және оған ұқсауды армандаған.

- Бала кезімнен бастап әкемнің өз қызметіне қандай жауапкершілікпен және абыроймен қарайтынын көрдім. Ол ешқашан дауыс көтерген емес, керісінше күнделікті еңбегімен үлгі көрсетті. Оның қолдауы мен маған деген сенімі осы жолды таңдауға және алға жылжуға көмектесті, — деп еске алады Ақмарал Болатбекқызы.

Бүгінде Ақмарал төрт баланың қамқор анасы әрі өз ісінің кәсіби маманы, ұрпақ дәстүрін лайықты жалғастырып отыр.

- Жас қызметкерлерге айтарым: ең алдымен өзіңізге және еліңізге адал болыңыздар. Қандай мамандықты таңдасаңыз да, оны сүйіспеншілікпен атқарыңыздар. Еңбек, білім, тәртіп – биікке жетудің жолы. Армандарыңызға жетіп, Отанның дамуына үлес қосыңыздар, және адалдық өміріңіздің басты бағдаршысы болсын, — деп бөлісті ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру