Қызылорда облысында есептегі азаматтар тарихи орындарды аралады
Қызылорда облысында есептегі азаматтар тарихи орындарды аралады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жобасы аясында "Сырдария Нұрдария" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар үшін тәрбиелік, танымдық бағыттағы шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қатысушылар Қалжан ахун медресесіне барып, діни-рухани құндылықтармен танысты. Оларға медресенің тарихы, Қалжан ахунның білімге қосқан үлесі мен өңір руханиятындағы орны туралы жан-жақты мағлұмат берілді.
Одан соң есептегі тұлғалар аудандық тарихи-өлкетану музейіне барып, Сырдария өңірінің мәдени мұрасы, тарихи ескерткіштері мен ел дамуына үлес қосқан тұлғалар жөнінде музей қызметкерлері арнайы экскурсия жүргізіп, ақпарат берді.
Шараның мақсаты – қоғамға қайта бейімделіп жатқан азаматтардың мәдени-рухани дүниетанымын кеңейту, туған жердің тарихына құрмет сезімін қалыптастыру және әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсету.
– Мұндай іс-шаралар бізге жаңа көзқарас қалыптастыруға көмектеседі. Тарихи орындарды аралау, рухани тәлім алу – қоғамға қайта бейімделуге үлкен мотивация береді. Бізге осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, — деді пробация есебіндегі азаматтардың бірі.
