Павлодарда полицейлер күн сайын оқу орындарының маңында кезекшілік атқарып жүр
Павлодарда полицейлер күн сайын оқу орындарының маңында кезекшілік атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқу кезеңінде күн сайын таңғы 07:30-дан бастап және түскі уақытта полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қарқынды қозғалыс аймақтарында орналасқан мектептердің жанында жол-көлік және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Таңғы қарбалас уақытта көлік жүргізушілері балаларын сабаққа жеткізуге асығып, бұл көше-жол желісіне қосымша салмақ түсіреді. Полицейлердің болуы жүргізушілерді тәртіпке келтіреді, қажет болған жағдайда полицейлер қозғалысты реттеп, бастауыш сынып оқушыларына жолды кесіп өтуге көмектеседі.
"Қауіпсіз жол" ЖПІШ өткізу кезінде полиция қызметкерлері мектеп оқушылары мен жүргізушілерге түсіндіру-ақпараттық жұмыс жүргізіп, жүргізушілерді жолда мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
– Бұл тәжірибе ҚР ІІМ министрінің нұсқауы бойынша енгізіліп, сервистік модельдің бір түрі және полицияның қолжетімділік қағидатын іске асыру болып табылады. Жас қала тұрғындары өз құқықтарын қорғауға бағытталған полиция жұмысына куә болып, қызметкерлердің әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін біледі. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ оқушылар мен олардың ата-аналарының құқықтық санасын арттыруға өз үлесін қосады деп есептейміз, – дейді Павлодар қаласы ПБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Саят Шақаманов.
