Семейде жол мәдениетін арттыруға арналған мобильді қосымша таныстырылды
Семейде жол мәдениетін арттыруға арналған мобильді қосымша таныстырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласында "Заң мен Тәртіп: ЖКО құрбандарын еске алу күні" форумы өтіп, оған 500-ден астам студент, полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері, сарапшылар қауымдастығы мен IT-мамандар қатысты. Іс-шара жол-көлік оқиғаларында қаза тапқан студенттерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Полиция қызметкерлері Абай облысындағы жол-көлік оқиғаларына талдау ұсынып, бірқатар алаңдатарлық тенденцияларды атап өтті. Жыл басынан бері 896 ЖКО тіркеліп, 74 адам қаза тауып, 1321 адам жарақат алған. Әсіресе жасөспірімдерге қатысты көрсеткіштер ерекше алаңдаушылық туғызады. Зардап шеккендер арасында 328 кәмелетке толмаған жас бар, оның ішінде 48-і студенттер.
Бұл статистика жастардың жол қозғалысына қатысушылардың ең осал санатының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Әрбір жол ережесін бұзу — өз өміріңе де, өзгенің өміріне де қауіп төндіреді. Форум барысында ІІМ цифрландыру мәселелері, жол-көлік оқиғаларының себептері, профилактика бағыттары, қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениеті, сондай-ақ "Заң мен Тәртіп" идеологиясын ілгерілетудегі студенттердің рөлі талқыланды.
Abai IT-Valley әзірлеушілері жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа мобильдік қосымшаны таныстырды. Іс-шара аясында жол жүрісі қағидалары туралы студенттік бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталып, "үлгілі студент-жүргізуші" анықталды. Форумда жол қауіпсіздігі — мемлекет, жастар және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екені айтылды.
