Алматыда тәлімгерлер кеңесі жас полицейлермен кездесті
Алматы қаласында полиция департаментінің бастамасымен тәлімгерлер кеңесі мүшелері мен жас қызметкерлердің жоспарлы кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара полиция департаментінің клубында өтіп, оған аудандық бөліністердің жеке құрамы, "Жас сақшы" сыныптарының өкілдері және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов ішкі істер органдарында тәлімгерлік институтын жүйелі дамыту қажеттілігін атап өтті.
- Біздің негізгі міндетіміз – жас қызметкер ішкі істер органдарына келген сәттен бастап кәсіби қолдауды сезініп, өзінің қызметтік бағытын айқын түсінуі және үлгілі офицерлерден өнеге алуы. Тәлімгерлер кеңесі – тәжірибені, мәдениетті және дәстүрді офицерден офицерге тікелей жеткізетін маңызды буын. Бүгінде сабақтастықты сақтау, тәлімгерлер мен жас мамандар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, әр қызметкердің әлеуетін ашуға жағдай жасау, тәртіп пен қызмет сапасын арттыру – басты басымдықтарымыздың бірі. Департамент басшылығы атынан үлкен буын мен ардагерлерге Алматы полициясының болашақ кадрларын даярлауға қосқан үлестері үшін алғыс білдіремін, – деді Әділғожа Құсайынов.
Кездесу барысында тәлімгерлердің жылдық қызметінің қорытындылары, жас қызметкерлердің қызметке бейімделу мәселелері, тиімді тәлімгерліктің тәжірибелік мысалдары қарастырылды.
Сонымен қатар бөлімшелер арасындағы өзара әрекеттестікті жетілдіру бойынша ұсыныстар талқыланды. Қатысушылар кәсіби этика, қызметтік мотивация және корпоративтік мәдениетті нығайту мәселелеріне назар аударды.
