БҚО-да полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алған сауда орталығының қызметкерлеріне алғыс айтты
Батыс Қазақстан облысында полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алуға үлес қосқан сауда орталықтың қызметкерлеріне алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысында полиция департаменті Оралдағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінің қызметкерлерін банкомат терминалдары арқылы алаяқтарға ақша аудару әрекеттерін болдырмауда көрсеткен қырағылығы үшін алғыс білдірді.
15 қарашада сауда орталығындағы бутиктердің бірінің сатушысы телефонмен сөйлесе жүріп, бірнеше рет терминалға жақындап жүрген жас қызды байқайды. Алаяқтық болуы мүмкін деп күмәнданып бірден күзет қызметкеріне хабарлаған. Күзетші дереу келіп, ақша аудару әрекетінің жалғасуына жол бермеген.
Осыған ұқсас жағдай 2025 жылдың 21 қазанында да тіркелді. Басқа сауда нүктесінің сатушысы телефонмен сөйлесе жүріп ақша аудармақ болған әйелді байқайды. Күзет қызметкерінің дер кезінде араласуының арқасында ақша жіберу әрекеті тоқтатылды. Сатушылардың қырағылығы мен сауда орталығы күзетінің жедел жұмысының нәтижесінде екі азамат өз ақшаларын сақтап қалды. Жалпы сомасы 8 миллион теңге болатын ақша аудару әрекетінің жолы кесілді.
Екі бутиктің қызметкерлері мен сауда орталығының қауіпсіздік қызметі облыстық Полиция департаменті басшылығының атынан қырағылық пен азаматтық белсенділік танытқандары үшін алғыс хаттармен марапатталды.
Полицейлер азаматтарды белгісіз нөмірлерден келіп түскен қоңырауларға барынша сақ болуға, операторлардың, банк қызметкерлерінің немесе мемлекеттік орган өкілдерінің нұсқауымен ешқандай қаржылық операция жасамауға, сондай-ақ алаяқтыққа күдік туса, бірден полицияға хабарлауға шақырады.
Құқық қорғау органдары банктер де, мемлекеттік құрылымдар да телефон арқылы тексеріс жүргізбейді және ақшаны "қауіпсіз" шоттарға аударуды талап етпейтінін еске салады. Қырағылық пен дер кезінде көмекке жүгіну — жинағыңызды сақтаудың ең тиімді жолы.
