Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Копенгагендегі алғашқы күн: Қазақстан полицейлері қауіпсіздік стандарттарын зерттеуге кірісті

Қазақстан полицейлері Копенгаген қаласында қауіпсіздік стандарттарын зерттеуге кірісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұған дейін хабарлағандай, Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері Копенгаген қаласына жұмыс сапарымен барып, "Копенгаген" футбол клубы мен Дания ұлттық құрамасының үй аренасы болып саналатын "Паркен" стадионында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін зерделеуде.

Бұл жұмыс "Копенгаген" – "Қайрат" матчына дайындық шеңберінде, сондай-ақ ірі спорттық нысандарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тәжірибесімен алмасу мақсатында жүргізілуде.

"Паркен" стадионы футбол матчтары кезінде 38065 көрерменге арналған, ал концерттер кезінде оның сыйымдылығы 55 мың адамға дейін артады. Нысан периметрі бойынша шамамен 40 жеке кіру аймағы қарастырылған, бұл келушілер ағынын тиімді бөлуге және бақылау нүктелеріндегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

- Біз алматылықтарға видеокүнделік жүргізуді уәде еткенбіз – және бүгін жұмысты негізгі нысанды зерттеуден бастадық. Кіру-шығу жолдарының ұйымдастырылуын, эвакуация бағыттарын, қауіпсіздік қызметтерінің өзара әрекеттесуін мұқият қарап шықтық. Алматыда қолдануға болатын тиімді шешімдер бар. Тәжірибе алмасу – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Негізгі міндет – заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігі және бұқаралық іс-шараларды жоғары стандартта өткізу, – деді Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Майлықбаев.

Алғашқы күні алматылық полицейлер жанкүйерлер қозғалысының схемаларын, турникеттердің жұмысын, навигация жүйесін, персоналды орналастыру тәсілдерін және нысанда қолданылатын техникалық шешімдерді жан-жақты зерделеді. Видеокүнделік кезең-кезеңімен жарияланады. Бұл – алғашқы шығарылым.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру