Маңғыстауда полицейлер жасөспірімдерге арналған кешенді іс-шаралар өткізді
Маңғыстауда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігі жариялаған "Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы" аясында Маңғыстау облысында 14–16 қараша күндері "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында облыс аумағында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде жүру фактілерін анықтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында кең көлемді жұмыстар жүргізілді.
Профилактикалық жұмыстардың қорытындысына сәйкес, 337 кәмелетке толмаған жасөспірім ІІО-на жеткізілді, оның ішінде 329 құқық бұзушылық тіркелді. Түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 264 баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 12 жасөспірім әртүрлі санат бойынша профилактикалық есепке алынды.
Сонымен қатар Маңғыстау облысы полиция департаментінің қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері Ақтау қаласындағы №16 С.Мұқашев атындағы мектепте оқушылармен арнайы кездесу өткізді.
Полиция қызметкерлері "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында оқушыларға құқықтық сауаттылықтың, білім алудың және тәртіптіліктің болашаққа әсерін атап өтіп, өз қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету жолдарын түсіндірді.
Полиция кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын хабарлайды.
