Павлодар облысында полиция "Қауіпсіз чат" профилактикалық іс-шарасын өткізуде
Павлодар облысы Май ауданының полиция бөлімшесі интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмысын "Қауіпсіз чат" акциясы аясында жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция инспекторлары халық көп шоғырланатын орындарда, көшелерде және аула аралау барысында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Тұрғындарға алаяқтардың әрекетіне қалай алданып қалмау керектігі, ең жиі кездесетін алаяқтық түрлері, сондай-ақ дроппер деген кім және өздерінің банк шоттарын, SIM-карталарын немесе жеке деректерін үшінші тұлғаларға беру қандай жауапкершілікке әкеп соғатыны туралы толық ақпарат берілуде.
Іс-шара кезінде аудан тұрғындарына ақпараттық буклеттер таратылды. Сонымен қатар ауылдық WhatsApp чаттарына интернет-алаяқтық түрлері мен заңда қарастырылған жауапкершілік жөнінде қысқаша электронды брошюралар жолданды.
Полиция қызметкерлері мұндай материалдармен танысу азаматтарға күмәнді жағдайларды дер кезінде анықтап, дұрыс шешім қабылдауға көмектесетінін ерекше атап өтті.
