Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер "Anti-fraud" арқылы 35 млн теңгеден аса қаржыны иелеріне қайтарды

СҚО-да полицейлер "Anti-fraud" арқылы 35 млн теңгеден аса қаржыны иелеріне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері аудан орталықтарына барып, халықпен кездесулер өткізіп, жергілікті полицейлерге интернет-алаяқтықты анықтау және жолын кесудің заманауи әдістерін үйретіп жатыр.

Аудандық бөлімшелерге ҚР ІІМ-нің "Anti-fraud-орталық" және "Кибернадзор" базалары орнатылуда. Мамандардың айтуынша, "Anti-fraud" жүйесі алаяқтардың қысымымен жасалатын ақша аударымдарын жедел бұғаттауға мүмкіндік береді. Ең бастысы — дер кезінде полицияға жүгіну. Енді аудандық қызметкерлер ақпаратты облыс орталығына жібермей-ақ, бұғаттауды өздері орындайды. Бұл — маңызды минуттарды үнемдейді. Жыл басынан бері осы жүйенің көмегімен СҚО-да кибералаяқтардың құрбандарына 35 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.

"Кибернадзор" — интернеттегі жалған жарнамаларды және өзге де құқыққа қайшы контентті бұғаттауға арналған жүйе. Қаңтардан бері СҚО полицейлері 3670 сілтемені бұғаттады. Енді бұл жұмысты аудандық бөлімшелердің қызметкерлері де атқара алады — киберпол мамандары оларды қажетті дағдыларға үйретуде.

Халықпен өткізілетін кездесулерде полицейлер кең тараған алаяқтық схемалары және өзге де киберқауіптер туралы түсіндіреді. Соңғы уақытта дропперлерден бөлек, алаяқтар активаторларды да тарта бастаған. Олар — мессенджердегі әлеуетті жәбірленушілермен хат алмасу үшін өз WhatsApp нөмірін қылмыскерлерге беретін адамдар. Полицейлер мұндай әрекеттер қылмысқа сыбайлас болу екенін және қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.

Киберпол қызметкерлерінің жұмысы "Заң және Тәртіп" тұжырымдамасының талаптарына сай жүргізіліп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және интернет-алаяқтықпен күресте заманауи техникалық құралдарды кеңінен енгізуге бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру