Маңғыстауда қала және аудан полиция бөлімдерінің бастықтары тікелей эфирде азаматтардың сұрағына жауап берді
Маңғыстауда қала және аудан полиция бөлімдерінің бастықтары тікелей эфирде азаматтардың сұрағына жауап берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру және ішкі істер органдары жұмысының ашықтығын арттыру мақсатында Маңғыстау облысындағы барлық қала және аудан полиция бөлімдерінің бастықтары өңір тұрғындарымен тікелей эфир сериясын өткізді. Эфирлердің негізгі мақсаты – халықпен кері байланысты күшейту, өзекті мәселелерге жедел жауап беру және полиция қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Тікелей эфирлерге 1000-нан астам көрермен қатысып, азаматтардың 100-ден астам сұрағына толық әрі нақты жауап берілді. Жол-көлік оқиғалары және апаттардың алдын алу, жол белгілерін орнату, көшелер мен жолдардың инфрақұрылымы, көліктерді қараңғылату талаптары, трассалар мен қалалық жолдардағы қозғалыс ережелері, шетел азаматтарына арналған құжаттар (азаматтық, ықтиярхат, тіркеу), учаскелік инспекторлардың жұмысы және тұрғындармен байланыс, мектеп қауіпсіздігі, буллинг және кибербуллингтің алдын алу, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және жастарды қорғау шаралары бойынша сұрақтар қойылды.

Көтерілген мәселелердің бір бөлігі эфир барысында бірден шешіліп, түсіндірілді. Ал күрделі мәселелер полиция бөлімдері басшыларының бақылауына алынды. Маңғыстау облысы полиция департаменті тікелей эфир форматындағы ашық диалог бұдан әрі де жалғасатынын, тұрғындар өз сұрақтарын еркін қойып, толыққанды ақпарат ала алатынын хабарлайды.
