Ақтауда ІІО ардагерінің құрметіне "Жас сақшы" сыныбы ашылды
Ақтау қаласындағы №24 орта мектепте ішкі істер органдарының ардагері, полиция полковнигі Омар Құралбайұлының құрметіне "Жас сақшы" сыныбы салтанатты түрде ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары А.Мұқан, ішкі істер органдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Садақбаев, полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер, мектеп ұжымы және Омар Құралбайұлының анасы қатысты.
Іс-шара Мемлекеттік Туды алып шығу және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Салтанатты шараның маңызды бөлігі – жас сақшылардың ант қабылдау рәсімі болды. 7-сынып оқушылары Отанға адал болуға, тәртіпті сақтауға, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін құрметтеуге салтанатты түрде ант берді.

Жас сақшыларға ішкі істер органдарының ардагерлері ақ батасын беріп, елге қызмет етудің маңызы жөнінде тағылымды тілектерін жеткізді.
Шара барысында Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғановтың атынан №24 орта мектептің директорына, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына және "Жас сақшы" сыныбының жетекшісіне марапаттар табысталды.
Салтанатты рәсімнің соңында "Жас сақшы" сыныбының лентасы қиылды.
Омар Тасқымбаев ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1999 жылы бастап, салада ұзақ жыл бойы абыройлы қызмет атқарған тәжірибелі басшы. Оның елге адалдығы, кәсіби білімі мен азаматтық ұстанымы жас ұрпаққа үлгі.
"Жас сақшы" сыныбының ашылуы – оқушыларды отансүйгіштікке, тәртіпке, жауапкершілікке және елге адал қызмет етуге тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама.
