Астанада жасөспірім аялдама павильонының әйнегін сындырғаны үшін жауапкершілікке тартылды
Астанада Бөгенбай батыр даңғылында аялдама павильонының әйнегін зақымдау фактісі тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері жүргізген тексеру барысында құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол 17 жастағы жасөспірім болып шықты.
Тексеру нәтижесінде жасөспірімнің кешкі уақытта танысымен бірге аялдамада болғаны анықталды. Оқиға орнынан кетер кезде ол павильон әйнегін аяғымен теуіп, сындырған. Кейін танысымен бірге маршруттық автобусқа отырып, оқиға орнынан кеткен.
Аталған факті бойынша жасөспірім ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары сотқа жолданды.
Полиция азаматтарға аялдама павильондары мен қалалық инфрақұрылым нысандарына ұқыпты қарау қажеттігін ескертеді. Мұндай мүлікті қасақана зақымдау заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
Құқық бұзушылықтар, оның ішінде бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы, мұқият тексеріледі. Құқық бұзушылардың жеке басы анықталып, заң аясында шаралар қабылданады.
